Пән бойынша сыныптан тыс іс-шаралар

Рассмотренных обращений: 2
Не рассмотренных обращений: 0

Жаз қызыл!
Автор: Бастауыш сынып мұғалімі Абулгазинова М.А

Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ /2-4 сыныптар/

Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ

Мақсаты:

1) ата бабамыздан қалған өшпес мұра, көлемі жағынан шағын болғанымен мазмұны терең қымбат қазына мақал- мәтелдерді үйретіп ұғындыру;

2) ой белсенділігін, сөздік қорын молайту;

3) отбасы дәстүрін сақтауға, ата- аналарын, қарттарды сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.

Жоспар

-              Ойынды ашу

-              Ойыншыларды таныстыру

-              Ойын тәртібін түсіндіру

-              Мақалшылар сайысы

-              Көрермендермен ойын ( Мақал- мәтелден сайыс)

-              Жұмбақшылар сайысы

-              Көрермендермен ойын ( Жұмбақ шешу)

-              Мақалшы, жұмбақшы сайысы

-              Абайдың қарасөзі

-              Ән шашу

-              Қорытынды

 

Барысы

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар, сайысқа қатысатын ата- аналар, ұландар, бүгін 3- сынып оқушыларының аралығында отбасылық бағытта өтетін « Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ » сайысын бастауға рұқсат етіңіздер.

1- оқушы: Жанұямыз-сәніміз,

                    Отбасымыз- әніміз.

                    Біз бастадық сайысты,

                     Қош келіпсіз бәріңіз!

2- оқушы: Арым да, ардағым да анам екен,

                          Ана деген- мен үшін атамекен!

                            Түн ұйқысын төрт бөліп берген сүті

                            Жүрегімде жыр болып жатады екен.

3- оқушы: Өзің барда еш қатер де төнбейді

Өзің болсаң шырағым да сөнбейді.

Асыл- әке,мейіріміңді ойласам, Жыр оралып, шабыт мені тербейді

     Оқушылар: Бұтағы бабасының,

Ұрпағы атасының,

Шуағы әжесінің,

Тұяғы әкесінің,

Тілегі анасының.

Тірегі ағасының

               Түлегі даласының,

              Дарытқан бар асылын

              Мен- қазақ баласымын!

1- жүргізуші: Мақал айтып көрейік, бүгінгі сайыстың 1- айналымында мақал айту сайысы

 ( сайысқа қатысатын ата- аналар шақырылады.)

2- жүргізуші: Ойынды бастамас бұрын сіздерді осы сайысқа әділ баға беретін, әр айналымның есебін шығарып, қорытындысын айтатын қазылармен таныстырып өтейін.

                                              1- айналым

        ( Әр мақалшы өздері дайындап келген мақалдарын айтады.

           Мақалдың алғашқы жолы оқылады, ал ойыншы жалғастырады. Жалғастыра алмаса көрермен жалғастырады.)

      

         Ананың көңілі балада,

         Баланың көңілі далада.

 

        Ананың сүті- бал,

        Баланың тілі- бал.

 

        Ұлдың ұяты әкеге,

        Қыздың ұяты шешеге.

   

       Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да

       Қарызыңды өтей алмайсың

 

       Көп жасаған білмейді,

       Көпті көрген біледі.

 

       Әдепті бала- арлы бала,

       Әдепсіз бала- сорлы бала.

 

       Қарт кісіні қадірле,

       Өзің де қарт боларсың.

 

       Ата көрген оқ жонар,

       Ана көрген тон пішер

 

       Туған жердің қадірін

       Шетте жүрсең білерсің.

 

      Қына тасқа бітеді,

      Білім басқа бітеді.

 

      Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

      Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

 

      Сөздің көркі- мақал,

      Жүздің көркі- сақал.

 

1- жүргізуші: Екі ойыншы қалып, ұпайды аз жинаған мақалшы ойыннан шығады. Екі ойыншы өзара сайысады. Бірінші ойыншы мақал айтады, екінші ойыншы сол мақалда кездескен сөзі бар келесі мақал айтады.

( 1- айналым жеңімпазы анықталып, 2- айналымға қатысады.)

Көрермендермен ойын ( айтыс)

Ұлдар мен қыздар болып екі топ құрып мақал айтысады. Жүргізуші бір мақал айтып бастайды, қай топ жалғастырса сол топ айтысуды бастайды.

                    

    Білекті бірді жығар,

                  Білімді мыңды жығар.

 

Ақыл- тозбайтын тон,

Білім- таусылмайтын кең.

 

Күш білімде, білім кітапта.

 

Еңбектің наны тәтті,

Жалқаудың жаны тәтті.

 

                                            2- айналым

2- жүргізуші: Жұмбақ шешу сайысы. Ендеше  ортаға бүгінгі сайыстың 2- айналымына қатысатын жұмбақшыларды шақырайық.

  ( Жұмбақшылармен таныстыру. Сайысқа қатысатын оқушылар шақырылады.)

1- жүргізуші: Бұл сайыс 2 тапсырмадан тұрады. 1- тапсырмада жүргізуші жұмбақ айтады, ойыншы жұмбақтың шешуін табады. 2- тапсырмада екі ойыншы қалады. Өздерінің дайындап келген жұмбақтарын бір- біріне айтып шешуін табады. Жеңімпаз 3- айналымға өтеді.

  

  Жаурағанды күлдірер,

    Өз еркіне жіберсең,

    Дүниені   бүлдірер.   ( От)

 

   Аласа ғана бойы бар,

   Айналдырып киген тоны бар.  (қой)

 

   Асқар тауда

                  Қалың орман,

   Оны кейде

   Шөптей орған.     ( Шаш)

 

                  Сақалы жоқ, шашы бар, бет-аузы жоқ, басы бар.

   Белін бекем байлаған, қоқысты қоймай айдаған.     ( Сыпыртқы)

 

                  Бір үйге көзсіз боп бас сұғасың,

   Бұл үйден көреген болып шығасың.    ( Мектеп)

 

Бетін адам ашады

Білім нұрын шашады.      ( Кітап)

        

Қалпақты шымырды

Төбесінен ұрады,

Түзетуге қыңырды

Дәйім дайын тұрады.    ( Балға)

 

Көше бойлап аяңдайды,

 Адам тасып аялдайды.    ( Автобус)

 

Әжем уыстап сығып

Далада кептірген.

Қатты әрі тәтті дәмі,

Кім бар жеп көрген?       ( Құрт)

 

1- жүргізуші: 2- тапсырмада екі ойыншы қалады. Өздерінің дайындап кеген жұмбақтарын бір- біріне айтып шешуін табады.

2 айналым жеңімпазы анықталып, 3 айналымға қатысады. ( Көрермендермен ойын)

 

Ұзын мұртты сарылар,

Қойынында наны бар.      ( Бидай)

        

Күмбір- күмбір күйі бар

Құлағыңа түйіп ал.          ( Домбыра)

 

Маған да, саған да

Жақын туыс- бес адам.

Үш әріптен тұратын,

Оңға оқы, солға оқы,

Өзгермейді еш одан.

Бәрі де өз жұратың,

Айтады кәне кім атын?              ( Ата, ана, апа, аға, іні)

 

1- жүргізуші: 3- айналымға 2 айналымның жеңімпаздары шығады. Жүргізуші жұмбақшыға жұмбақ айтады. Жұмбақшы шешуін табады. Ал мақалшы жұмбақтың шешуіне байланысты мақал айтады.

 

Баласымын даланың,

Туғаннан дақсыз қарамын.

Қыс келсе жұртты жылытып,

Үйді- үйге барамын.     (Көмір)

 

Еңбексіз өмір- сөнген көмір.

 

Сөзі дана, үні жоқ,

Сөйлемейді тілі жоқ.

Қолыңа алсаң- шешен,

Ақылы асқан көсем.          ( Кітап)

 

Кітап- білім бұлағы,

Білім- өмір шырағы.

 

Садақшы мойнын иілтіп,

Көрген жанды сүйсінтіп,

Жүзгенде көлдің сәні өзі.

Жердегі құстың серкесі,

Көктегі құстың еркесі.                ( Аққу)

 

Аққуды атуға болмайды,

 Достықты сатуға болмайды.

 

Төңкерілмейтін күбі,

Көтерілмейтін күбі.

Шүпілдей- ақ тұрса да

Көрінеді түбі.                   ( Құдық)

 

Оқу- инемен құдық қазғандай.

 

1- жүргізуші: Соңғы айналымға жеңімпаз шығады. Абайдың қарасөзінен үзінді оқылады. Нешінші қара сөзінен үзінді оқылғанын айту керек.

 

Қорытынды.

               Оң қанатым- әкем,

   Сол қанатым- анашым.

               Қос қанатың болғанда

Табар өмір жарасым.

Қарап тұрып шекені

Шымшылады сан күдік.

Қанатымның екеуі

Сау болса екен мәңгілік.

 


Просмотров: 1443
Дата создания: 12.03.2012
Дата редактирования: 12.03.2012

Интернет-ресурстың интерфейс тілін таңдап алыңыз

Выберите язык интерфейса Интернет-ресурса

Select the interface language of an Internet-resource




Интернет-ресурстың контент тілін таңдап алыңыз

Выберите язык содержимого Интернет-ресурса

Select the content language of the Internet-resource